Университет тарихындағы маңызды оқиғалар
Қазақ АССР СНК университетінің негізі қаланды
1928
Қазақ педагогикалық институты (ҚазПИ) деп аталды
1930
Ұлы ойшыл, ақын Абай Құнанбайұлының есімі берілді
1935
Ұлы Отан соғысына қатысқандардың көбі марапатталды
1941-1945
50 жылдық мерейтойында «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды.
1978
Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық университеті деген атауға ие болды
1990
Абай атындағы Алматы мемлекеттік университеті деп аталды
1992
«Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті (ҚазҰПУ)» болып қайта құрылып, «ұлттық» мәртебені иеленді
2003
Қазақстан Республикасы Президентінің сыйлығы тапсырылды
2007
1928 жылдан бастап барлық ректорлар
Асфендияров Санжар Жапарұлы
Алманов Баймен Алманұлы
Сакаев Шәміл
Бекжанов Шаихислам
Толыбеков Серғали Есбембетұлы
Әділгереев Халел Мұхаметжанұлы
Ысқақов Ахмеди Ысқақұлы
Закарин Асқар Закарұлы
Ғабдуллин Мәлік Ғабдуллаұлы
Жұмабеков Жүнісбек Жұмабекұлы
Қасымов Құлжабай Әбдіқалықұлы
Садықов Тоқмұхамед Сәлменұлы
Пірәлиев Серік Жайлауұлы
Балықбаев Такир Оспанұлы
Біләлов Дархан Нұрланұлы
Тілеп Болат Анапияұлы
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың
даңқты тарихы
Қазақ мемлекеттік университеті Қазақ АКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің 1928 жылғы 23 наурызда қабылдаған қаулысы негізінде сол жылы қазанда ашылды. Алғашқы кезде педагогикалық, ауыл шаруашылық және медициналық факультеттер құру жоспарланды. Алайда кең байтақ қазақ сахарасындағы сауатсыздықты жою жөніндегі кезек күттірмес міндет бәрінен бұрын педагог кадрларын қарқынды түрде даярлауды талап еткендіктен, алғашқы университетті педагогикалық бағытта ашуды өмірдің өзі ұсынды. Тұңғыш жоғары оқу орнында әуелде физика-математика, жаратылыстану және лингвистика-педагогикалық бөлімдерден құрылған жалғыз ғана факультет болды. Тұңғыш жоғары оқу орны 1930 жылдан бастап Қазақ педагогикалық институты (ҚазПИ) деп аталып, оған 1935 жылы ұлы ойшыл, ақын Абайдың есімі берілді.
Алғашқы кезден бастап оқу орнында сапалы мамандар даярлау үшін профессор-оқытушылар құрамын білікті педагог-ғалымдармен жасақтау мәселесі күн тәртібіне қойылды. Қазақ халқының ұлы тұлғалары, ұлтымыздың мақтаныштары Ораз Жандосов, Санжар Асфендияров, Ахмет Байтұрсынов, Сәкен Сейфуллин, Халел Досмұхамедов, Ілияс Қабылов, Бәймен Алманов, Темірбек Жүргенов институт қабырғасында дәріс беріп, шәкірт тәрбиелеуге белсене атсалысты. Белгілі тіл мамандары Қ.Жұбанов, С.Аманжолов, М.Жолдыбаев, математик Ә.Ермеков және басқа да ұлттық ғалымдарымыз профессор-оқытушылар құрамының алдыңғы сапында болды.
Институт басшылығы осындай күрделі кезеңде Мәскеу мен Ленинград университеттерінің көмегіне сүйенді. Олар Қазақ педагогика институтына кітап қорымен, оқу және әдістемелік құралдарымен, зертханалық жабдықтарымен көмектесіп отырды. Мәскеуден Қазақ педагогика институтында жұмыс істеу үшін әдебиетші-ғалым Н.Н.Фатов, математик Б.Л.Кругляк, физика маманы В.Ф.Литвинов, биология ғылымдарының докторы С.В.Логинов, эмбриолог А.А.Захваткин тәрізді көптеген белгілі ғалымдар келді.
Осы ретте қазақтың көрнекті ақын-жазушылары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, білікті мұғалім кадрлары мен ғалымдарының үлкен шоғыры осы ҚазПИ-ден шыққанын ерекше атап өткен жөн. Мұхтар Әуезов, Қажым Жұмалиев, Құдайберген Жұбанов және т.б. ғалымдар ҚазПИ-да ұстаздық етті. Олар Қазақстандағы басқа да ЖОО арнап мамандар даярлау ісіне белсене ат салысты.
Алғашқы жылдардан бастап институт бастауыш және орта мектептердің білікті мамандарын даярлап шығара бастады. Уақыт өткен сайын мамандар даярлау сапасы анағұрлым жақсарды, студент-шәкірттерді оқытып-тәрбиелеудің салиқалы дәстүрлері қалыптасты.
Оқу орны ғылыми ойдың орталығына айналды. Тіл мен әдебиет, тарихқа қоса жаратылыстану ғылымдарының сан саласы бойынша да алғашқы зерттеулер жүргізілді. Сонымен, отызыншы жылдардың аяқ кезінде тәжірбие жинақтауы, материалдық-техникалық базасының нығайтылуы, білікті ғылыми-педагогикалық кадрлар қатарының көбеюі жағынан ҚазПИ-дің оқу-ғылыми орталығы ретіндегі рөлі өлшеусіз өсті. Ұлы Отан соғысы жылдары университет ұжымы үшін ауыр сынақтар кезеңі болды. 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында майдан далаларында көрсеткен ерен ерліктері үшін ҚазПИ-дің көптеген оқытушылары мен студенттері жоғары мемлекеттік наградаларға ие болды. Мәскеуді неміс-фашист басқыншыларынан қорағудағы ерен ерлігі үшін атқыштар батальонының саяси жетекшісі Мәлік Ғабдуллин Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды.